Ресейде штраф 3 мың теңгеден, Беларусьте 5 мың теңгеден басталады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстан жол ережесін бұзатындарға салынатын айыппұл көлемі бойынша ТМД елдерінің алдында тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Айыппұл көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ең алдында тұр. Теңгеге шаққанда, Ресейде штраф 3 мың теңгеден, Беларусьте 5 мың теңгеден, ал Қазақстанда 17 мың теңгеден басталады. Бұл бүгінгі таңда профилактика емес, азаматтарға қарсы қаржылық репрессия тәрізді. Міне бүгінгі Қазақстандағы өте күрделі гуманитарлық жағдайда осы айыппұлдар азаматтарды шаршатып жіберетін анық. Осы заң (ред. – «Жол жүрісі туралы» заң жобасы) аясында айыппұлды азайтып немесе белгілі бір амнистия жасайтын жағдай бар ма? Осы мәселеге сіздер қалай қарайсыздар?», — деп сұрады депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айыппұл бойынша мәселе даулы екенін айтты.
«Өкінішке қарай, атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан, былтыр жол апаттарына байланысты аздаған өсім байқалды. Биылғы бірінші тоқсан бойынша өсім – 70 пайыз. Бұл заңда айыппұлдар тек қана жол жүру ережесін өрескел бұзатындар үшін ғана өседі. Мәселен, жылдамдықты сағатына 10 км-ден артық асырған азаматтарға тиіспейміз әрі айыппұлды да өсірмейміз», — деді ІІМ өкілі.
Дереккөз: inbusiness.kz