Пт. Окт 24th, 2025

Қарағанды облысында өнеркәсіптің негізгі өсу нүктелерінің бірі – Saran индустриялық аймағы.

Мұнда машина жасау және өңдеу өнеркәсібі серпінді дамып келеді. Қазірдің өзінде бәсекеге қабілетті өнім шығаратын бес кәсіпорын жұмыс істейді, 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Сонымен қатар тағы жеті жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Қазақстанда теңдесі жоқ заманауи құбыр зауыты. Кәсіпорынның іске қосылуы еліміздің құбыр импортына тәуелділігін азайтып, отандық өнеркәсіптің ішкі және сыртқы нарықтағы позициясын күшейтеді.

«ТЭМПО-Казахстан» зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта өндіріс алаңында іске қосу және реттеу жұмыстарына дайындық жүріп жатыр.

Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 300 мың тоннаға дейін болат құбырлар. Мұнда диаметрі 57-ден 630 миллиметрге дейінгі электрдәнекерленген және профильді болат құбырлар шығарылады. Өнім мұнай-газ саласында, құрылыс индустриясында және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта кеңінен қолданылады. Коммуналдық сектор үшін жылу жоғалтуды азайтып, жылу желілерінің сенімділігін арттыратын алдын ала оқшауланған құбырлар өндірілмек.

Жаңа зауыттың орналасу орнын таңдауда индустриялық аймақтың артықшылықтары шешуші рөл атқарды: ыңғайлы логистика, дайын өндірістік инфрақұрылым және инженерлік желілер.

Маңызды факторлардың бірі – жергілікті биліктің қолдауы.

– Бізге электр қуаты, газ, теміржол жолдары және дайын алаң берілді. Бұл құрылыс мерзімін бірнеше айға қысқартуға мүмкіндік берді. Сол үшін аймақ басшылығына зор алғыс айтамыз, – деді «ТЭМПО-Казахстан» ЖШС бас директоры Қайрат Бірманов.

Зауыт іске қосылғанға дейін-ақ кадрларды іріктеу жұмысы басталды. Қазір инженерлер, операторлар, логистика және сату мамандары қажет. Барлығы 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Қызметке орналасуға ниеттілер түйіндемелерін hr@tempo.kz электронды поштасына жібере алады.

Кәсіпорын кадр даярлау мақсатында Қарағанды облысының Білім басқармасымен меморандум жасасты. Студенттер нақты мамандықтар бойынша оқытылып, зауыт алаңында тәжірибеден өтеді. Оқу аяқтаған түлектерге жұмысқа орналасуда басымдық беріледі.

Жоба экологиялық қауіпсіздікке де баса мән береді: өндірісте металл балқытылмайды, ал заманауи жабдықтар мен зертханалар өнім сапасын және қоршаған ортаға зиянсыздықты қамтамасыз етеді.


Дереккөз: inbusiness.kz