Пт. Дек 6th, 2024

«SOS Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қоры 30 жылдың жұмысын қорытындылап, болашақ жоспарларымен бөлісуде. Қор құрылғаннан бері «SOS Балалар ауылдарында» ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 900-ден астам бала мен жасөспірім отбасылық тәрбиемен қамтамасыз етілді. Қордың әлеуметтік жобаларының арқасында қиын жағдайға тап болған 2500-ден астам отбасы балаларын әлеуметтік мекемелерге өткізуден құтқарып қалды. Жуырда Астанада Қордың мерейтойына орайластырылған салтанатты іс-шара өтті.

Қамқорлық пен жылулық толы отыз жыл:

«SOS Қазақстан балалар ауылдары» қорының қорытындылары мен жоспарлары

«SOS Қазақстанның Балалар ауылдары» корпоративтік қоры 30 жылдық жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісуде.

Осынау мерейтой аясында 2024 жылғы 15, 17 және 22 қазанда Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Құлыбаеваның Теміртау, Астана және Алматы қалаларының «SOS Балалар ауылына» сапарлары өтті. Осы сапарлар кезінде «NNEF» қоғамдық қоры Астанадағы және Алматыдағы балалар ауылдарындағы отбасыларға 38 заманауи ноутбук сыйлады.

Теміртаудың «SOS Балалар ауылы» да мерекелік сыйлықсыз қалған жоқ, мерейтойға орай «Аяла» қайырымдылық қоры онда тұратын отбасыларға 17 ноутбукты сыйға тартты. 

900-ден астам бала отбасын тапты 

Отыз жыл бұрын балалар үйі мен интернат мекемелерін реформалау идеясы көптеген адамдарға революциялық және іске асырылмайтындай болып көрінді, себебі сол кездегі кеңестік жүйе тым күрделі және өзгермейтін болып көрінді. 1994 жылы Сара Алпысқызының бастамасымен және «SOS Children’s Villages International» халықаралық ұйымының қолдауымен құрылған «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қоры елде өзара көмек көрсетуді қалыпты жағдайға айналдырды. Ата-анасыз қалған балаларды отбасылық тәрбиелеу және әлеуметтік бейімдеу идеясы «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» бағдарламасының негізіне айналды.

Балалар ауылдарының интернаттық мекемелерден басты айырмашылығы – балалар мұнда ата-ана рөлін атқаратын тәлімгерлердің қамқорлығының арқасында отбасының жылуын сезініп өмір сүреді. «SOS Қазақстанның балалар ауылдарында» дәл осындай ұйыған отбасы жағдайы балаларға өздерін қажет, бақытты және сенімді сезінуге мүмкіндік береді. Мамандар балаларға эмпатия, жауапкершілік және дербестік қалыптастыруға ерекше назар аударады. Мәселен, ата-аналар оларға кәдімгі отбасындағы күнделікті үй шаруаларын сеніп тапсырады. Бұл тәжірибе көрсетіп отырғандай, «SOS Қазақстанның балалар ауылының» түлектері өмірге оңай  бейімделіп, қоғамда өз орнын табуда. 

2018 жылы «NNEF» қоғамдық қоры «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қорының тең құрылтайшысы болды. 2019 жылы «NNEF» қоғамдық қорының және «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен Алматыда отбасылардың интеграциялық тұруына арналған екі пәтер сатып алынып, жөндеуден өткізіліп, тиісінше жабдықталды. Алматы қаласында интеграциялық отбасының тұруына арналған тағы бір пәтерді «RAMS Qazaqstan» компаниясы сыйға тартты.

«2017 жылдан бастап біз жетімдіктің алдын алумен айналысамыз, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс істейміз. Біздің міндетіміз – оларға баланың отбасында қалуына көмектесу, сондықтан отбасы тұрақтанып, қиын жағдайды шеше алуы үшін біз психологиялық, құқықтық қызметтердің барлық түрін ұсынамыз. Біздің балалар мен отбасыларды қолдау орталықтарының жұмысының арқасында 2,5 мыңнан астам бала өз отбасыларында ата-аналарымен бірге қалды. Олардың 150-ге жуығы – аналарымен бірге «Асар»дағдарыс орталығына келген балалар. Қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер 6 ай бойы осы Орталықта тұрып, қалпына келіп, психологтардың, заңгерлердің көмегін алып, болашақта өз балаларына қамқорлық жасауын жалғастыру үшін табыс табу үшін қажетті кәсіптік бағдар алады», – деді «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» КҚ ұлттық директоры Гүлжан Асанова журналистерге берген сұхбатында. 

2019 жылдан бастап Қор жергілікті атқарушы органдармен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен белсенді түрде бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді. Осы кезеңде мемлекеттік балалар үйлерінің 89 баласы «SOS Қазақстанның балалар ауылдарының» отбасыларында тұруға және тәрбиелеуге мүмкіндік алды. 

Қазір Қазақстанда 14 балалар ауылы жұмыс істеп жатыр, олардың 11-і мемлекеттік мекемелер. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылды, оның құрамына «SOS Қазақстанның балалар ауылдарының» өкілдері де кіреді. Қазіргі уақытта елімізде баланы қорғау жүйесі және қамқоршылықтың отбасылық үлгісін енгізу үдерісі белсенді дамып келе жатқандықтан, барлық серіктес ұйымдардың мамандары отбасымен және балаларымен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін, дәлелді тәжірибелерін және тиімді әдістерін меңгеруі өте маңызды. Қазақстанның балалар ауылдарының Үйлестіру кеңесі осынау үш жыл ішінде дәл осындай тәсіл арқылы оқытумен, бейімделген халықаралық тәжірибені кеңінен таратумен айналысып келеді.

«SOS Қазақстанның балалар ауылдары» әртүрлі өңірлерде жұмыс істейтіні өте маңызды. Қызылорда қаласында біздің  екі қабатты 8 үйіміз бар – онда балалар отбасылық тәрбие алады, өздері тамақ дайындайды, тазалық жұмыстарымен айналысады, қарапайым қалалық мектептерге барады, олардың барлығын арнайы тәрбиеші қадағалап отырады.  Қорда жинақталған бай тәжірибені қазір оның қызметкерлері әр жерде кеңінен бөлісіп жүр. Балаларға дербестік пен табысқа жетудің жолдарын арнайы әдістер арқылы көрсетуге көмектесетін «SOS Балалар ауылдарының» тәжірибесі, халықаралық тәсілдер, балалармен және отбасылармен жұмыс істеу құралдары түптеп келгенде Қазақстандағы балалар тәрбиесін реформалауға және балаларды әлеуметтік бейімдеуге мүдделі басқа ұйымдар үшін үлгі болып отыр», – деді «Атамекен» балалар ауылының басшысы Лиза Сқақова журналистерге берген сұхбатында. 

Көмекке кім көбірек мұқтаж

«Бала асырап алған ата-аналар мектебі» – Қордың  тағы бір сәтті жобасы. Бұл бала асырап алуға мүмкіндігі бар ата-аналардың баланы отбасына қабылдауына, психологиялық дайындықтан өтуіне көмектеседі. Мектепте екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде тәлім беріледі.

Қордың жобалары Қазақстандағы жетімдік жағдайына айтарлықтай әсер етті. Осының арқасында әлеуметтік мекемелердегі балалардың саны айтарлықтай азайды. Отбасылар әсіресе кішкентай және жеткіншек балаларды белсенді түрде қабылдайды. Соңғы жылдары балалар ауылдарында балалардың бейіні өзгерді, мұндағы балалардың 50%-дан астамы 16 жастан асқан және 80%-дан астамы 14 жастан асқан балалар. Осыған байланысты жасөспірімдерді қолдау, оларды тез әлеуметтендіру және дербес болуға дайындау бойынша тәсілдерді өзгерту және тәжірибелерді енгізу қажеттілігі туындап отыр. 

«Біздің Қордың миссиясы өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Ұлы гуманист және ағартушы ұстаз Герман Гмайнердің: «Балалар қалыпты өсуі үшін олар қамқорлықты сезінуі керек. Өмірде көп нәрсе: тамақ, киім, баспана қарапайым ғана болуы мүмкін, бірақ балалар өзін қорғансыз қалғандай сезінбеуі тиіс», — деген сөзі бар» – деп атап өтті «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» КҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Құлыбаева Қордың мерейтойына арналған салтанатты іс-шарада.

«SOS Қазақстанның балалар ауылдарының» тәжірибесі халықаралық сарапшыларды көптен бері қызықтырып келеді. Әр түрлі алаңдарда Қор өкілдері балаларға жеке қолдау көрсетудің жаңа тәсілдері жайында әңгімелеп, өздерінің табысты тәжірибелерін бөлісіп отырады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту үшін мемлекеттік құрылымдармен және басқа да үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік мәселелері халықаралық сарапшылардың ерекше қызығушылығын тудыруда.

«Ұлттық қауымдастықтармен ынтымақтастық жасасудың біз үшін маңызы өте зор. Армениядағы «SOS Балалар ауылдары» қоры мемлекетпен ынтымақтастықта жұмыс жүргізе бастады, осы ынтымақтастық шеңберінде бізге «SOS Қазақстанның балалар ауылдарының» тәжірибесі өте маңызды, өйткені бұл ұйым Қазақстандағы балалар үйлерінің жабылуына атсалысуда. Бізге «SOS Қазақстанның балалар ауылдарының» кәсіби мүмкіндіктері мен ресурстарымен жақын танысу маңызды. Қазақстанда өткізген екі күн ішінде біз тамаша жобаларды, балалармен және отбасылармен жұмыс істеу әдістерін көрдік және өз тәжірибеміз үшін көп нәрсеге қанық болдық. Жастарға арналған топтық үйлер құру жобасы да бізді қызықтырып отыр», — деді Арменияның «SOS Балалар ауылдары» қайырымдылық қорының ұлттық директоры Спартак Саргсян журналистерге берген сұхбатында. 

Жаңа қадамдар: жасөспірімдерге арналған пәтерлер және үлкен өмірге дайындық

Қор 30 жыл ішінде жаңа қиындықтарға сәтті бейімделіп, жұмыс тәжірибесін үнемі жетілдіріп, бағдарламаларының ауқымын кеңейтіп отырды. Негізгі бағыттардың бірі – кәсіби дағдыларды игеруге көмектесу және білім алуға қолдау көрсету. Жастар кәсіптік білім алады, өмірлік маңызды дағдылар бойынша қосымша курстардан (жұмысқа орналасу, бюджетті басқару) өтеді және мотивацияны дамыту бойынша тренинг-жаттығуларға қатысады. Жылдам әлеуметтенуге, жастардың қоғамға сәтті кірігіп кетуіне қалалық ортада жастарға арналған интеграцияланған үйлер ашу арқылы қол жеткізуге болады. Мұнда 16 жастан асқан жасөспірімдер ата-аналардың жетекшілігімен экологиялық тұрғыдан таза жетіліп, өмірлік дағдыларды игеріп, дербестікке дағдыланады. Мәселен, мұндай тәсілді енгізу мақсатында «SOS Теміртау балалар ауылынан» шығып, облыс орталығының кәсіптік оқу орындарында оқитын жасөспірімдер мен жастар үшін 2022 жылы Қарағанды қаласында толық жабдықталған арнайы пәтер бөлінді. 2019 жылы Нұрлан Смағұлов қоры сыйға тартқан Алматыдағы осындай екі пәтерді қосқанда мұндай жайлы баспаналар жастардың дамуына үлкен көмек болып табылады.

«Алдағы уақытта Астанада жасөспірімдерге арналған екі топтық интеграцияланған үй ашуды жоспарлап отырмыз. Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың, «Халық» қорының арқасында осы мақсатта Астанадағы тұрғын үй кешенінен екі үлкен пәтер бөлінді. Оларда тәлімгер ата-аналармен бірге үлкен өмірге дайындалып жатқан 16 жастан асқан балалар тұрады. Мұнда тұрып олар жылдам әлеуметтене алады. Қала өміріне үйрену – бұл дербес өмірге арналған баспалдақ іспетті”, – деді «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» КҚ ұлттық директоры Гүлжан Асанова. 

«SOS Қазақстанның балалар ауылдары» қоры өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасылар мен балаларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды дамыту ісін жалғастыруда. Ұйым бала асырап алатын отбасылардың санын көбейту үшін және балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік интеграциясына ықпал ететін жобаларды жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс атқара беретін болады.


Дереккөз: Stan.kz